Ұлы Дала тарихындағы ана рөлі
Қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, даналығымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына игі ісімен сіңіре білген әйел-аналар аз емес. [1]
Тарих беттерін ақтарып қарасаңыз, Ұлы дала төсіндегі еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың тарихнамасында қаншама аналарымыз ел билігін қолына алып, халықтың тағдырын шешуге септігін тигізіп, тіптен бір ұлтты жоғалып кетуден сақтап қалып отырған игі істерінің талайына куә боласыз. Бес мың жылдық тарихы бар қазақ халқының өмірінде әйелдердің рөлі аса зор маңызға ие болғаны айқын.
Сонау сақ дәуірінен бастау алатын аналардың анасы болған, барша халықтың Құдай-Тәңірісіне айналған Ұмай анадан бастап, тұтастай бір мемлекетті билеген Томирис, Зарина патшайымдарымыз, бір елдің ұлыс анасы мен ұлт мәйегі болған Домалақ ана, ғашықтықтың символына баланып, өз ғашығы үшін сертінен таймаған Айша бибі, жасы келсе де әжелік-аналық міндетін ұлт ұрпағы үшін аямай жұмсап, өмірден өткен Бабаджа хатун, сүйкімділігі мен сұлулығы ел арасында ерекше жырланып, Баршынкент деген қалаға есімі берілген Баршын хатун, аналық қасиетімен толықтай бір тайпаның анасы болып, есімі руға айналған Қызай ана, Қазақ хандығы кезіндегі тапқырлығымен, ақылдылығымен ел есінде аңыз болып қалған Қарашаш ана, ел басына күн туғанда қолына найза-қалқан алып жауға шапқан Бопай ханша, орыс тұтқынында болса да бас имеген, өз ұлтының ар-намысын жоғары қойған атақты хан Кенесарының жұбайы Күнімжан ханша, бiраз жыл аға сұлтандық қызмет атқарған, атақты ғалым Шоқанның әжесі Айғаным ханша, өз дәуірінде бір болысты жалғыз өзі игеріп, дау-дамайды шешумен аты шыққан Ұлпан ана, халықтың құрметіне бөленген, он саусағынан өнері тамған күйші Дина секілді аналарымыз – бүтіндей бір рудың ғана емес, білдей бір елдің ұлы анасына айналып, қазақ әйелінің тұлғасы мен оның асқақ рухын әйгілей білген тұлғалар. [1]
Әйел бейнесінің түркілер мифологиясында көрініс табуы қасиетті Ұмай анамен тығыз байланысты. Ұмай ана ертедегі түркілер мифологиясында әлемдегі әйел-ана мен Жер-ананы бейнелейтін әрі тұқым өндіретін және бала тудыратын әйел тәңірісі бастауын бейнелеуші құдай-әйел ретінде өнімділік пен бала туу құдайы болып есептелген. Бұл жөнінде алғаш рет жазба деректерде Ұмай аты түркі халқы мен әскерлеріне жеңіс әкелуші және мейірімділік пен тұрақтылық сыйлаушы әйел-құдай есімі түрінде орта ғасырдағы Күлтегін мен Тоныкөктің балбал тастарында қашалып жазылған. Міне, бастауын сонау мыңжылдықтардың мінсіз мұрағатынан алатын әйелге деген шексіз құрметтілік оларды Құдай-Тәңірісі дәрежесіне дейін көтерді. Осының арқасында байырғы қазақ қоғамында қазақ әйелдерінің әлеуметтік еркіндігі де кең дәрежеде дамыды.
Сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан қазақтың рухани жан дүниесіндегі ерекше қасиеттерінің бірі – анаға деген шексіз құрмет көрсету тәрбиесі еді. Мұны ананың қоғамдағы ерекше орны мен сипатын бағалай білген ұлтымыздың ешкімге ұқсамас бірегей қасиеті деп ұғынған жөн. Қазақ хандығының тарихында есімдері мәңгі халық жадында сақталған Әбілқайыр Ханның әйелі - Рабия Сұлтан Бегім, Қасым ханның анасы – Жахан Бегім, Тәуке ханның анасы – Жақсымбике, Салқам Жәңгір ханның әйелі – Бану ханым, Әбілқайыр ханның әйелі – Бопай ханым, Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғаным ханым, Кенесары ханның анасы – Айкүміс ханым – Ұлы Даланың үлгілі аналары. [2] Өз ұлдарын халықтың рухани байлығын қанына сіндіріп, өз ұлдары емес ұлт ұлдары ретінде тәрбиелеген көреген аналар. Бастысы ел болашағы ұрпағының қолына екенін түсініп, олардың еліне адал, халқына қамқор болуы үшін аянбаған. Ауыздан ауызға жеткен батырлар жырын дәріптеп, тарихи тұлғарлар жайлы жыр-дастандармен өсірген.
Рухани тәрбиенің бастауы анадан бастау алады. Қазақ шаңырағында бала тәрбиесі ұлттық құндылықтар мен еңбек тәрбиесі арқылы жүзеге асқан. Балаларға аңыз-ертегілер, жыр-дастандар айтудың да маңызы орасан. Ұланғайыр қазақ жерін аман сақтап қалуда бабалар ерлігімен қатар осындай батыр ұрпақ тәрбиелеген аналар тәрбиесінің ықпалы зор болғаны анық. Міне, Ұлы дала аруларының өмірбаяны нағыз шыншылдық пен адалдыққа тұнып тұрғанына еріксіз бас иесің.
Тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев ағамыз өзінің «Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдар» атты мақаласында: «Өзгермеген, өшпеген бірнеше құнды қасиеттер халқымыздың бойында мәңгі сақталып қалды. Олардың біріне әрі бірегейіне – руханилық тұрғыдан алғанда, Анаға деген құрмет жатты. Анаға деген құрмет қазақ халқының тарихында мемлекеттілік тарихымен, қазақ халқының этногенезімен, халқымыздың мәдениетімен, рухани өмірімен қатар дамып, біте қайнасып келеді. Оның ежелгі замандардағы көрінісін бүкіл түрік тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық тәңірісі болып саналған Ұмай анаға деген табынуынан көрсек, мың жылдан астам уақытқа созылған орта ғасырларда, әсіресе оның ислам дәуірі кезеңінде «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» және осындай сипаттағы қағидалар арқылы берік орнығады», – деп тамаша жеткізген еді. [2]
Ұлттық құндылықтар туралы әңгіме қозғалғанда отбасы тәрбиесі алдыңғы орынға шығады. «Еркек ерді тәрбиелейді, әйел елді тәрбиелейді», – демекші, аналар – ұлт тәрбиешісі. Бұл – мәңгі қағида.
Сол себепті көнеден келе жатқан қанымызға сіңген мызғымаз дәстүр қайнары ретінде анаға деген сыйластық әрқашанда ұлт тәрбиесіндегі алғышарты болып сақталуы тиіс.
«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің тарих
бөлімі меңгерушісі
А.Н.Хаймолдина
Қолданылған әдебиет:
1.Ұлы даланың дана аналары\\Қазалы.Қоғам.Серік Ақмырза.07.наурыз 2023ж.
2. Ұлы даланың ұлы аналары\\ Мәдениет және тарих. Асылжан Шайдилдаев, 04 қараша 2020ж.