Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият оқып шықтым. Осынау маңызды құжаттан әркім алдымен өзіне керекті жағын іздейді ғой. Мен де одан өзім және әріптестерім үшін өте қажетті мәселелерге жауап іздеген едім. Сол жауапты көріп, қатты қуанып қалдым.

Барлық жұмысқа тиянақтылық, ынта мен ыждаһаттылық тек еңбекке лайықты деңгейде ақы төленгенде ғана болатыны белгілі. Бәріміз де күн көрісіміздің жалғыз көзі – еңбекақымыздың жоғарылау болғанын қалаймыз. Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан біздің де арманымыз сол. Еңбекақымыз лайықты болса тұрмыстық деңгейіміз де арта түседі деп үміттенеміз.

Жолдаудың “Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі” атты бөлімінің төртінші тармағында Президент біз, яғни мәдениет саласының қызметкерлері туралы арнайы айтқан екен. Ол өзінің сөзінде: “Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ” деді. Қандай нақты, дөп айтылған сөздер. Басқа салалардың еңбекақылары азды-көпті көбейіп жатқанда біздікі үнемі бір орыннан қозғалмайтын еді. Қосылса да тым мардымсыз, тіпті тиын-тебен деп айтуға болатын деңгейде ғана болатын. Ал тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағалары күннен-күнге артып барады. Соның салдарынан өзіміздің тұрмыстық ахуалымыздың төмендеп бара жатқанын сезінуші едік. Енді Президент осыны атап көрсетіп, “келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі керек” деп нақты тапсырма берді. Біз осыған қатты қуанып қалдық. Президент нақты айтқаннан кейін еңбекақыларымыз да лайықты деңгейге дейін көтерілер деген үміттеміз. Жұмысқа деген ынтамыз да өсіп, жауапкершілігіміз де бұрынғыдан арта түскендей болып кетті. Қалай десек те ынталандырудың басты құралы – лайықты еңбекақы ғой.

Әсемгүл Қыдыбекова
“Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары