Аян САДАЕВ

Қазақтың дарқан даласы киелі жерлерге бай. Оны қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Қазақ даласының қасиеті жайлы ақын Фариза Оңғарсынова:

“Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,

Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам”, – деп жырлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. “Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі”, – деді Елбасы.

Мақалада халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы қолға алынатыны және оның ауқымды жоба болатыны айтылды. Осы жоба жүзеге асырылып, “Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері” картасының жасалғаны, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің сол тізімге енгізілгені – қуанышты жайт. Қайта қалпына келтірілген соң, 2008 жылғы 21 тамыз күні, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені қаламыздың басты мәдени ошақтарының бірі болып табылады.

Абылайдың ақ үйі төрт залдан тұрады. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи жәдігерлер орналасқан. Көрме залдарының біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни, 1710-1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған 10 жылына арналған. Бұл – 1771-1781 жылдар арасы. Үшінші зал – Тақ залы, төртіншісі – Абылай тарихына арналған коллаждар, картиналар, кітаптарға арналған көрме. Осылардың ішінде ерекше көз тартатыны – Абылайдың тынығу бөлмесі. Бөлмеге бірнеше жәдігер қойылған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнеленген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақанның өзі ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған. Көне заттардың бірі – кебеже ерекше көз тартады. Бірде-бір шеге қағылмай ағаштан жасалып, сырты сүйекпен әрленгені таңданыс тудырады. Басы мен аяқ жағы көтеріңкі кереует жатқан адамның қан айналымын реттейді. Яғни, бас пен аяқ көтеріңкі жатса, қан айналымы дұрысталады екен. Кереует шымылдықпен көмкеріліп, жанына араб елдерінен әкелінген шамдар қойылған.

Көз тартар этнографиялық жәдігерлердің көбі – Тақ залында. Бұл залда тақта отырған Абылай ханның мүсіні тұр. Авторы – Сергей Пожарский. Үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына жүзік, қолына асатаяғын ұстатқан. Хан тағының төрінде төртінші бұрышы кесілген кілем ілінген. Орта жүз тайпаларына тән бұл кілем шексіздіктің белгісін білдіреді. Залда Абылай ханның мөрі, жүзігі, қанжары, семсері орналасқан. Мұнымен қатар, қару-жарақтар орналасқан көрмеге қылыш, қалқан, гүрзі, балталардың көшірмелері қойылған. Ат-әбзелдеріне арналған бұрышта ертоқым, ауыздық, жүген, үзеңгі тұр. Салмағы 25 килограмм болатын батыр сауыты мен 15 килограмдық дулыға да осы залға қойылған. Осыншама ауыр салмақты місе тұтпаған батыр бабаларымыздың нар тұлғасына тамсанбау мүмкін емес.

Келесі залымыз Абылайдың хандық кезеңіне арналған. Ақ киізге көтеріп, хан сайлану сәтінен бастап, Абылайдың портретіне дейін қойылған залдың да өз сыры бар. Атақты суретші Ағымсалы Дүзелханов салған бұл портреттің қай тұсынан қарасаңыз да, Абылайдың көзі сізге қарап тұрады. Келесі суретте Төле бидің Абылайдың “Сабалақ” атанып жүрген кезіндегі бата беру көрінісі бейнеленген. Авторы – Сергей Пожарский. Суретші Ағымсалы Дүзелхановтың “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңіне арналған графикалық жұмыстары да осында.

Залдың ортасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің макеті тұр. Абылай кесене орналасқан Түркістанда туып, мәңгілік мекенін де осы кесенеден тапқан. Келесі көрмеде орыс патшайымы Анна Иоановнаның атына жазған Әбілқайырдың хаттарының көшірмесі, бірнеше тарихи суреттер қойылған. Абылайдың сауда орталығының суреті – тарихқа қатысты ең қызық деректің бірі.

Соңғы, төртінші залымыз Абылайдың жоңғарлармен шайқасын суреттейтін диараммамен басталады. Көз алдыңа тұтас Абылай дәуірін алып келетін тартымды еңбектің авторы – Сергей Пожарский. Суретшінің қазақ тарихынан мол мағұлматы бар екені осы суреттен анық көрінеді. Францияда табылған суретте Абылайдың Цинь империясының елшісін қабылдау сәті бейнеленген. Өкінішке қарай, Еуропа төрінен табылған суреттің авторы бізге беймәлім. Ең соңғы картинада ханның дүниеден өткен сәті салынған. Жерлеу салтын бейнелеген картинада дәстүрімізден мол мағлұмат берілген.

Абылайдың ақ үйі атанған бұл ғимарат – қазақ халқы үшін киелі мекен. Түсінген, тереңіне үңілген жанға баға жетпес құндылыққа толы сыр сандық. Жыл бойы мұражайға келушілер қатарында аудан және ауыл мектептерінің оқушылары, жазғы уақыттарда балалар сауықтыру алаңында демалушылар, республикамыздың түкпір-түкпірінен және шетелдерден қонақтар бар. Мемлекеттік мерекелерге арналған шаралар өткізіледі. Әрдайым мұражай залдары мен галереяларының тақырыптары және мерекелерге байланысты әдістемелік құжаттар әзірленіп, экскурсиялар, лекциялар, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады. Мұражай қала мен облыстың оқу орындарымен, туристік және басқа да мекемелермен қарым-қатынасты нығайтып, экспозицияларына, көрмелеріне, экскурсия мен лекцияларға, кешенді мәдени-көркемөнер және мәдени-ағарту бағдарламаларына келушілерді көптеп тартуды қолға алды.

Елбасы айтып өткендей, Абылайдың ұстанған саясаты, мақсаты қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі еді. Осы тұрғыдан қарағанда, жастарды патриотизмге тәрбиелеуде, ұлттық ізгілікке, өркениеттілікке шақыруда Абылай бабамыздың алатын орны ерекше. “Абылайдай болсам, еліме қызмет етсем”, – дейтін ынтық жастар міндетті түрде “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенін көріп, құнды жәдігерлермен танысуы қажет.

Аян САДАЕВ,

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры.

Солтүстік Қазақстан газеті

Қызылжардағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені өзінің қайталанбас сәулетімен ерекшеленеді. Мәрмәр тастармен көтерілген баспалдақтармен жоғары өрлей бастасаңыз, сізді ат үстіндегі Абылай ханнаң алып тұлғасы қарсы алады. Резиденцияның толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енгеніне биыл тоғыз жыл толады. 2008 жылдың 21 тамызы күні осынау ерекше нысанға қарай жұрт ағылды.

Жергілікті тұрғындар асыға күткен бұл елеулі оқиғаға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: “Біз бүгінде өз Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине Абылай резиденциясы екені даусыз”, – деген болатын. Мемлекет басшысының: “Бұл орын жергілікті тұрғындардың көзайымына айналады”, – деген сөзі бүгінгі таңда шындыққа айналды. Содан бергі өткен тоғыз жыл ішінде мұражайға келушілердің саны 167 мың адамға жетіп отыр. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік бөлмелер орналасқан. Ал тікелей мұражайдың өзі – екінші қабатта. Кіріп келген беттегі фойенің оң жақ қабырғасындағы Елбасының “Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын түлетудің бір алтын діңгегіне айналды”, деген сөзі ұлы тұлғаның беделін арттыра түсері сөзсіз. Мұражай кешенінде Абылайдың туғанынан бастап, сұлтан атанғанға дейінгі, яғни 1711 жылдан 1770 жылдар аралықты қамтыған зал, ортасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің макеті орналастырған, ханның тынығу бөлмесі, тақ залы және 1711-1780 жылдар аралығында хандық құрған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер топтастырылған зал бар. Мұндағы кез – келген бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрыпынан, батырлық-ержүректік қасиеттерінен сыр шертеді. Ашылғаннан бергі тоғыз жыл ішінде залдар өзгермегенімен, жәдігерлер жыл сайын жаңартылып тұрады. Соңғы уақытта этнографиялық бұйымдар және көне кітаптармен толыққан. Бірден көзге түсетіні – бірінші залдағы Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағынан алынған қазақ хандарының шежіресі. Барақ ханнан басталып, Абылайға дейін таралатын шежіреде ханның ұрпақтары туралы да мәліметтер бар. 12 әйелінен отыз ұл, қырық қыз тарасқан деседі. Тақ залы – келушілерді ең ғажап әсерге бөлейтін бөлме. Бас сұққан адамды тақта отырған Абылай ханның мүсіні қарсы алады. Бұл мүсінді үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына мөр жүзігін салып, қолына асатаяғын ұстатып Сергей Пожарский жасаған. Ортаға ханның мөрі, жүзігі, қанжары мен семсері қойылған. Бұл заттардың сапалы жасалғаны соншалық, түпнұсқа емес екенін көзбен көріп, айыру мүмкін емес. Үш жүздің басын қосқан хандық дәуірге арналған бөлмеде Әбілмәмбет дүние салып, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтерген сәтін көруге болады. Мұражайға қойылған жәдігерлердің арасында көз тартарлығы – 1869 жылғы дулыға. Оны “Дара” фирмасы Моңголия жерінен тауып әкелген.Қылыш, сауыт. найза,айбалта, торсық, шоқпар, адалбақан сияқты жәдігерлердің бәрі де түп нұсқа. Дулығаның жанында қазақ жауынгерлері қолданған ескі қылыш, сауыт пен найза да тұр. Төртінші залдың көркі – Сергей Пожарский салған “Абылай ханның жоңғарлармен 1747 жылғы шайқасы” диорамасы. Тұтас бір қабырғаны алып жатыр. Мыңдаған әскер қырылған, Қазақ елі үшін шешулі шайқастардың бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың ақ үйіне соқпай кетпейтін игі дәстүр қалыптасқан. Сондай-ақ, кешенді алыс- жақын шетелдерден көне шаһарға ат басын бұрған қадірлі қонақтардың іздеп келіп, тағзым ететін киелі орны деуге болады. Қуантатыны сол – мұражай-кешеніне әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілер де, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттайтындар да аз емес. Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы жанынан құрылған “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығы жариялаған “Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары” жобасына біздің мұражайымыздың да енгізілуі – айтулы оқиға.

Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаға Қазақстанның ерекше табиғат нысандары, архиеологиялық және архитектуралық ескерткіштер, халық ардақ тұтанын діни нысандар, киелі орындары енгізілген. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқан ежелгі Ботай қонысы, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені де бар. Мұражай қызметі қала мен облыстың оқу орындарымен, туристік және басқа да мекемелермен қатынасты нығайтып, экспозицияға, көрмелерге, экскурсиялар мен лекцияларға, кешенді мәдени-көрмкемөнер және мәдени – ағарту бағдарламасына келушілерді тартуды көздейді. Конференция, семинар, оқулар, ғылыми отырыстарда, ғылыми кеңестерде баяндамалар жасап бұқаралық ақапарат құралдары арқылы Қазақстан мен өлке тарихын насихаттаймыз. Ұлы Абылай ханның атымен аталған мұражайда үлкен өмірге алғашқы қадамдарын жасап, шағын Отан – отбасын құратын жастардың некесін қидыру рәсіміне арналған “Өмір тойы, қөңіл тойы”, “Күйеу келтір, қыз ұзат – тойыңды қыл” атты интерактивті шара өткізіледі. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, қыз ұзату, келін түсіру салттарын насихаттайтын жоба әзірленгенін де айта кеткен жөн.

Жұмабекова Гүлнәр,

“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені тарих және экспозиция бөлімінің маманы.

 Кызылжар нұры газеті