“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде үш жылдан бері “Туған жер” жобасы аясында “Жас өлкетанушылар”үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда өңіріміздің өрендері облыс тарихын терең зерттеуге ден қоюда.
Соңғы уақытта үйірме мүшелері зерттеу нәтижелерін оқушыларға, сондай-ақ, алдыңғы толқынға таныстыруды бастады. Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды, олар дүниеге келген орындарды зерделеп жүрген Мирас Құрманғалиев Аққайың ауданының еңбек ардагерлеріне “Абылай және оның өмірі” атты тақырыпта экскурсия жүргізді. Аға буын өкілдері жас өлкетанушының жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
“Жас өлкетанушылар” үйірмесінің қатысушылары облысымыздың киелі жерлеріне, музейлерге, архивтерге жиі саяхат жасайды. Киелі жерлер жайында мағлұматтар жинап, экспозиция материалдарымен танысуды да мақсаттарына айналдырды. Бастауыш сынып оқушыларын туған өлке туралы мақалалар, реферат жазуға баулып,өз ойларымен бөліседі.
Жұмабекова Гүлнәр
“Абылай хан резиденциясы” тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері