IN RUHANIAT POST 04 ҚЫРКҮЙЕК 2021
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай “Абылай ханның қара жолы” экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедицияның басты мақсаты – үш жүздің басын қосқан ханның мұрасын зерттеу. Экспедицияға біздің өңір мен Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан және Кентау қалаларынан тарихшылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, Абылай ханның ұрпақтары қатысты. Соның ішінде “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкері Аслан Әлімжанов та болды. Оның айтуынша, экспедиция бағыты Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарының аумағы арқылы өтіп, барлығы 7 мың шақырымды құрады.
– Шара барысында Абылайдың немересі Кенесарының туған жерінен бір уыс топырақ алу үшін Бурабайға тоқтадық. Оны колбаға салып, Кенесарының соңғы шайқасы болған Қырғызстан шекарасындағы Қордай ауданына апардық. Кентаудағы ұрпағы қабір тасын жасатты. Біз оны орнатып, Кенесарының туған жерінен әкелген топырақты салдық. Осындай игі іс Алтын Емел шатқалындағы Шоқан Уәлиханов жерленген жерде де жалғасын тапты, – дейді Аслан Әлімжанов.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.