Әдебиет • 26 Тамыз, 2021
Қазақстандық орыс тілді жазушылар арасында Иван Шуховтың есімі айрықша аталады. Өйткені оның шығармашылығы негізінен қазақ даласын, оның тыныс-тіршілігін, халықтардың өзара сыйластығын суреттеуге арналған. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы казактардың Пресновка станицасында 1906 жылы өмірге келген. Бұл өңірде қазақтың атақты жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов те туғаны белгілі. Бір түкпірде үш бірдей ірі жазушының туғандығы да бұл топырақтың қасиетін айғақтайды.
Иван Шухов – ерте танылған жазушы. Алғаш поэзия жанрында қалам сілтеген ол артынан үлкен прозаикке айналып, 37-нің қанды қырғындарына дейін-ақ бірнеше романы Мәскеудегі орталық басылымдарда жарық көрген. Алайда сол жылдардың қаһарлы қысталаңы оны да жасқап, сотталмаса да қуғындалып, өзінің туған жеріне оралуға мәжбүр болған. Ұзақ жылдар аудандық, облыстық газеттерде істеп, артынан Алматыға ауысып, 10 жылдай орыс тілінде шығатын әдеби журнал «Простордың» редакторы болды. Осы жылдарда қазақ жазушыларымен, соның ішінде екі жерлесі – С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповпен тығыз шығармашылық байланыста болып, олардың бірнеше еңбегін орыс тіліне аударған. Өзінің де «Қасірет белдеуі» («Горькая линия»), «Өшпенділік» («Ненависть»), «Преснов әңгімелері» («Пресновские рассказы»), «Американың күн мен түні» («Дни и ночи Америки») және т.б. шығармалары қазақ тіліне аударылған. Еңбектері жоғары бағаланып, кезінде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты, екі рет Еңбек Қызыл Ту және бір рет «Халықтар достығы» ордендерін алған.
Биыл жазушының туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлдағы «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мәдени шаралар шеңберінде И.Шуховтың да мерейтойын атап өтуді жоспарлаған екен. Жуырда осы шара өткізіліп, оған жазушының туған жерінен оны білетін адамдар келіп естеліктер айтты. Жергілікті ақын-жазушылар да қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Музей кешеннің директоры Аян Садаевтың айтуына қарағанда, туған жердің жарқын тұлғаларын бүгінгі жастардың назарына ұсыну өз жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі екен. «Сондықтан да Қазақстанға үлкен еңбек сіңірген И.Шуховтай дарынның жастарға үлгі болатын қырларын бүгінгі ұрпақ білуі керек», деді ол.
Мәдени іс-шараның ең қызық бөлігі жазушының туған ауылы Пресновкадағы музейінің көшпелі көрмесі жиналғандардың назарына ұсынылуы болды. Мұнда оның тұтынған заттары, түрлі уақыттарда жарық көрген еңбектері, суреттері, қалам-қағаздары, жазу машинкасы, темекі тартатын трубкасы және т.б. жәдігерлер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жақсыбай САМРАТ
Петропавл