IN RUHANIAT POST 27 ТАМЫЗ 2021 BY SUPER USER ҚАРАЛДЫ: 123
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінде “Ата Заң – алтын тұғырымыз” атты көрме өтті. Шараның мақсаты – көпшілікті мемлекеттің қалыптасу тарихымен таныстырып, келушілерге қазақ хандығының құқықтық негізде дамуына атсалысқан Жошы, Қасым, Есім, Тәуке хандар мен Майқы, Қазыбек, Төле, Әйтеке би, Бұқар жырау сынды көрнекті тарихи тұлғалардың өмірі туралы әңгімелеу.
Көрме 5 бөлімнен тұрады. Онда хандар мен билер, “Жеті жарғы” заңы туралы құнды мәліметтер топтастырылған. Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің қазіргі жағдайы туралы да деректер бар. Стендтерде моңғолдардың түркі даласын жаулап алуынан бастап, қазақ хандығының Ресей империясына қосылуына дейінгі заңнамаларды жасауға қатысқан тарихи қайраткерлер туралы қысқаша анықтама берілген. Бұл көрме мемлекеттің қалыптасу кезеңін және құқықтық жүйенің қалай жетілдірілгенін, құқықтар мен әдет-ғұрыптарға негізделген ережелер қалай пайда болғанын көрсетеді. Кейін ол елдің негізгі Заңына айналды.
Қазақстан аумағындағы алғашқы Конституциялардың бірі – Шыңғыс ханның “Ясы” заңдар жинағы. XVI-XVII ғасырларда ол “Қасым ханның қасқа жолы” және “Есім ханның ескі жолы” құқықтық нормаларымен алмастырылды. Тәуке хан тұсында үш жүздің көрнекті билері бұл заңдарды толықтырып, “Жеті жарғы” деп атады. Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмені 27-31 тамыз күндері тамашалай алады.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары.