Қызылжардағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені өзінің қайталанбас сәулетімен ерекшеленеді. Мәрмәр тастармен көтерілген баспалдақтармен жоғары өрлей бастасаңыз, сізді ат үстіндегі Абылай ханнаң алып тұлғасы қарсы алады. Резиденцияның толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енгеніне биыл тоғыз жыл толады. 2008 жылдың 21 тамызы күні осынау ерекше нысанға қарай жұрт ағылды.
Жергілікті тұрғындар асыға күткен бұл елеулі оқиғаға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: “Біз бүгінде өз Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине Абылай резиденциясы екені даусыз”, – деген болатын. Мемлекет басшысының: “Бұл орын жергілікті тұрғындардың көзайымына айналады”, – деген сөзі бүгінгі таңда шындыққа айналды. Содан бергі өткен тоғыз жыл ішінде мұражайға келушілердің саны 167 мың адамға жетіп отыр. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік бөлмелер орналасқан. Ал тікелей мұражайдың өзі – екінші қабатта. Кіріп келген беттегі фойенің оң жақ қабырғасындағы Елбасының “Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын түлетудің бір алтын діңгегіне айналды”, деген сөзі ұлы тұлғаның беделін арттыра түсері сөзсіз. Мұражай кешенінде Абылайдың туғанынан бастап, сұлтан атанғанға дейінгі, яғни 1711 жылдан 1770 жылдар аралықты қамтыған зал, ортасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің макеті орналастырған, ханның тынығу бөлмесі, тақ залы және 1711–1780 жылдар аралығында хандық құрған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер топтастырылған зал бар. Мұндағы кез – келген бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрыпынан, батырлық-ержүректік қасиеттерінен сыр шертеді. Ашылғаннан бергі тоғыз жыл ішінде залдар өзгермегенімен, жәдігерлер жыл сайын жаңартылып тұрады. Соңғы уақытта этнографиялық бұйымдар және көне кітаптармен толыққан. Бірден көзге түсетіні – бірінші залдағы Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағынан алынған қазақ хандарының шежіресі. Барақ ханнан басталып, Абылайға дейін таралатын шежіреде ханның ұрпақтары туралы да мәліметтер бар. 12 әйелінен отыз ұл, қырық қыз тарасқан деседі. Тақ залы – келушілерді ең ғажап әсерге бөлейтін бөлме. Бас сұққан адамды тақта отырған Абылай ханның мүсіні қарсы алады. Бұл мүсінді үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына мөр жүзігін салып, қолына асатаяғын ұстатып Сергей Пожарский жасаған. Ортаға ханның мөрі, жүзігі, қанжары мен семсері қойылған. Бұл заттардың сапалы жасалғаны соншалық, түпнұсқа емес екенін көзбен көріп, айыру мүмкін емес. Үш жүздің басын қосқан хандық дәуірге арналған бөлмеде Әбілмәмбет дүние салып, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтерген сәтін көруге болады. Мұражайға қойылған жәдігерлердің арасында көз тартарлығы – 1869 жылғы дулыға. Оны “Дара” фирмасы Моңголия жерінен тауып әкелген.Қылыш, сауыт. найза,айбалта, торсық, шоқпар, адалбақан сияқты жәдігерлердің бәрі де түп нұсқа. Дулығаның жанында қазақ жауынгерлері қолданған ескі қылыш, сауыт пен найза да тұр. Төртінші залдың көркі – Сергей Пожарский салған “Абылай ханның жоңғарлармен 1747 жылғы шайқасы” диорамасы. Тұтас бір қабырғаны алып жатыр. Мыңдаған әскер қырылған, Қазақ елі үшін шешулі шайқастардың бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың ақ үйіне соқпай кетпейтін игі дәстүр қалыптасқан. Сондай-ақ, кешенді алыс- жақын шетелдерден көне шаһарға ат басын бұрған қадірлі қонақтардың іздеп келіп, тағзым ететін киелі орны деуге болады. Қуантатыны сол – мұражай-кешеніне әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілер де, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттайтындар да аз емес. Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы жанынан құрылған “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығы жариялаған “Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары” жобасына біздің мұражайымыздың да енгізілуі – айтулы оқиға.
Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаға Қазақстанның ерекше табиғат нысандары, архиеологиялық және архитектуралық ескерткіштер, халық ардақ тұтанын діни нысандар, киелі орындары енгізілген. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқан ежелгі Ботай қонысы, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені де бар. Мұражай қызметі қала мен облыстың оқу орындарымен, туристік және басқа да мекемелермен қатынасты нығайтып, экспозицияға, көрмелерге, экскурсиялар мен лекцияларға, кешенді мәдени-көрмкемөнер және мәдени – ағарту бағдарламасына келушілерді тартуды көздейді. Конференция, семинар, оқулар, ғылыми отырыстарда, ғылыми кеңестерде баяндамалар жасап бұқаралық ақапарат құралдары арқылы Қазақстан мен өлке тарихын насихаттаймыз. Ұлы Абылай ханның атымен аталған мұражайда үлкен өмірге алғашқы қадамдарын жасап, шағын Отан – отбасын құратын жастардың некесін қидыру рәсіміне арналған “Өмір тойы, қөңіл тойы”, “Күйеу келтір, қыз ұзат – тойыңды қыл” атты интерактивті шара өткізіледі. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, қыз ұзату, келін түсіру салттарын насихаттайтын жоба әзірленгенін де айта кеткен жөн.
Жұмабекова Гүлнәр,
“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені тарих және экспозиция бөлімінің маманы.