Қазақтың дарқан даласы киелі жерлерге бай. Оны қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Қазақ даласының қасиеті жайлы ақын Фариза Оңғарсынова:
“Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау, Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам”, – деп жырлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. “Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі”, – деді Елбасы.
Мақалада халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы қолға алынатыны және оның ауқымды жоба болатыны айтылды. Осы жоба жүзеге асырылып, “Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері” картасының жасалғаны, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің сол тізімге енгізілгені – қуанышты жайт. Қайта қалпына келтірілген соң, 2008 жылғы 21 тамыз күні, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені қаламыздың басты мәдени ошақтарының бірі болып табылады.
Абылайдың ақ үйі төрт залдан тұрады. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи жәдігерлер орналасқан. Көрме залдарының біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни, 1710–1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған 10 жылына арналған. Бұл – 1771–1781 жылдар арасы. Үшінші зал – Тақ залы, төртіншісі – Абылай тарихына арналған коллаждар, картиналар, кітаптарға арналған көрме. Осылардың ішінде ерекше көз тартатыны – Абылайдың тынығу бөлмесі. Бөлмеге бірнеше жәдігер қойылған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнеленген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақанның өзі ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған. Көне заттардың бірі – кебеже ерекше көз тартады. Бірде-бір шеге қағылмай ағаштан жасалып, сырты сүйекпен әрленгені таңданыс тудырады. Басы мен аяқ жағы көтеріңкі кереует жатқан адамның қан айналымын реттейді. Яғни, бас пен аяқ көтеріңкі жатса, қан айналымы дұрысталады екен. Кереует шымылдықпен көмкеріліп, жанына араб елдерінен әкелінген шамдар қойылған.
Көз тартар этнографиялық жәдігерлердің көбі – Тақ залында. Бұл залда тақта отырған Абылай ханның мүсіні тұр. Авторы – Сергей Пожарский. Үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына жүзік, қолына асатаяғын ұстатқан. Хан тағының төрінде төртінші бұрышы кесілген кілем ілінген. Орта жүз тайпаларына тән бұл кілем шексіздіктің белгісін білдіреді. Залда Абылай ханның мөрі, жүзігі, қанжары, семсері орналасқан. Мұнымен қатар, қару-жарақтар орналасқан көрмеге қылыш, қалқан, гүрзі, балталардың көшірмелері қойылған. Ат-әбзелдеріне арналған бұрышта ертоқым, ауыздық, жүген, үзеңгі тұр. Салмағы 25 килограмм болатын батыр сауыты мен 15 килограмдық дулыға да осы залға қойылған. Осыншама ауыр салмақты місе тұтпаған батыр бабаларымыздың нар тұлғасына тамсанбау мүмкін емес.
Келесі залымыз Абылайдың хандық кезеңіне арналған. Ақ киізге көтеріп, хан сайлану сәтінен бастап, Абылайдың портретіне дейін қойылған залдың да өз сыры бар. Атақты суретші Ағымсалы Дүзелханов салған бұл портреттің қай тұсынан қарасаңыз да, Абылайдың көзі сізге қарап тұрады. Келесі суретте Төле бидің Абылайдың “Сабалақ” атанып жүрген кезіндегі бата беру көрінісі бейнеленген. Авторы – Сергей Пожарский. Суретші Ағымсалы Дүзелхановтың “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңіне арналған графикалық жұмыстары да осында.
Залдың ортасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің макеті тұр. Абылай кесене орналасқан Түркістанда туып, мәңгілік мекенін де осы кесенеден тапқан. Келесі көрмеде орыс патшайымы Анна Иоановнаның атына жазған Әбілқайырдың хаттарының көшірмесі, бірнеше тарихи суреттер қойылған. Абылайдың сауда орталығының суреті – тарихқа қатысты ең қызық деректің бірі.
Соңғы, төртінші залымыз Абылайдың жоңғарлармен шайқасын суреттейтін диараммамен басталады. Көз алдыңа тұтас Абылай дәуірін алып келетін тартымды еңбектің авторы – Сергей Пожарский. Суретшінің қазақ тарихынан мол мағұлматы бар екені осы суреттен анық көрінеді. Францияда табылған суретте Абылайдың Цинь империясының елшісін қабылдау сәті бейнеленген. Өкінішке қарай, Еуропа төрінен табылған суреттің авторы бізге беймәлім. Ең соңғы картинада ханның дүниеден өткен сәті салынған. Жерлеу салтын бейнелеген картинада дәстүрімізден мол мағлұмат берілген.
Абылайдың ақ үйі атанған бұл ғимарат – қазақ халқы үшін киелі мекен. Түсінген, тереңіне үңілген жанға баға жетпес құндылыққа толы сыр сандық. Жыл бойы мұражайға келушілер қатарында аудан және ауыл мектептерінің оқушылары, жазғы уақыттарда балалар сауықтыру алаңында демалушылар, республикамыздың түкпір-түкпірінен және шетелдерден қонақтар бар. Мемлекеттік мерекелерге арналған шаралар өткізіледі. Әрдайым мұражай залдары мен галереяларының тақырыптары және мерекелерге байланысты әдістемелік құжаттар әзірленіп, экскурсиялар, лекциялар, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады. Мұражай қала мен облыстың оқу орындарымен, туристік және басқа да мекемелермен қарым-қатынасты нығайтып, экспозицияларына, көрмелеріне, экскурсия мен лекцияларға, кешенді мәдени-көркемөнер және мәдени-ағарту бағдарламаларына келушілерді көптеп тартуды қолға алды.
Елбасы айтып өткендей, Абылайдың ұстанған саясаты, мақсаты қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі еді. Осы тұрғыдан қарағанда, жастарды патриотизмге тәрбиелеуде, ұлттық ізгілікке, өркениеттілікке шақыруда Абылай бабамыздың алатын орны ерекше. “Абылайдай болсам, еліме қызмет етсем”, – дейтін ынтық жастар міндетті түрде “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенін көріп, құнды жәдігерлермен танысуы қажет.
Аян САДАЕВ,
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры.