Кәкімбек Салықов 1932 жылы 22 қаңтарда қазақ халқының басына күн туып, жартысы қырылып қалған ашаршылық жылдары басталғанда қазіргі Шал ақын ауданының Еңбек ауылында өмірге келген. Сол жылы әкесі Рахымбек қайтыс болып, Кәкімбекті аудан көлемінде басшылық қызмет атқарған нағашысы Айтахмет асырап алып, адам қылады.
Бала Кәкімбек білім әлемін қазіргі Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлдегі орыс мектебінде ашып, төрт сынып оқиды. Одан Көкшетаудағы №21 мектепте оқуын жалғастырады. Ал жоғары сыныптарды Сырымбеттегі (бұрын Казгородок аталған) қазақ мектебінде оқиды. Бұл өз заманындағы озық қазақ мектептерінің бірі болған. Осы аймақта ән салып, өнер таратқан Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайларды мұндағы жұрт жақсы біліп, халық олардың өлеңдерін жарыса айтып, сүйсініп тыңдайтын. Сондай-ақ Кәкімбектің ағасы болып келетін атақты әнші Тырбидың Молдахметі де осы өңірдің тумасы. Солардың әсерімен Кәкімбек те бала күнінен ән айтуға, өлең шығаруға құмар болып өседі. Абайды, Пушкинді де оқып, Лермонтовты өзінің сүйікті ақыны қылады. Бойына дарыған ақындық талант та осы жылдарда оянады. Алғашқы өлеңін 1949 жылы Сталиннің 70 жылдығына арнап жазып, оны республикалық «Қазақстан пионері» газетіне жібереді. Кешікпей өлеңі газет бетінде жарық көріп, оны мектеп директорынан бастап барлық мұғалімдер, ауыл адамдары мақтап, қуанып қалады. Кәкімбек осы жылдардан «бала ақын» атанады. Редакциядан 16 сом қаламақы да келеді. Ол кезде бұл үлкен ақша, бала оның 6 сомын анасына беремін деп сақтап, ал 10 сомына жарты қап кәмпит алып, мектепке таратады...
Мектепті күміс медальға бітірген Кәкімбек Салықов 1950 жылы қазақтың тұңғыш кенші ғалымы Қаныш Сәтбаевтың әсерімен Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтының кенші-инженер факультетіне түседі. Бұл институтты 1936 жылы Дінмұхамед Қонаев та оқып, бітірген еді. Мәскеудің жоғарғы оқу орнына Кәкімбек жалғыз бармай өзінің бала кезден бергі досы Шота Уәлихановпен бірге барады. Бірақ Шота Мәскеудің архитектуралық институтына түседі.
Студенттік жылдарда Кәкімбек Салықов белсенді жастың бірі болып, өнердің барлық жағына ат салысады. Самбо күресімен де айналысып, атақты Аркадий Харлампиевтің шәкірті болады, түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер де көрсетеді. Студенттік кештерде де ән айтып, құрдастары мен достарына әзіл өлеңдер, мадақ жырлар шығарып жүреді. Осындай кештің бірінде ол экономика институтында оқитын Мәриям Галеева деген қызбен танысып, екі жастың арасында махаббат оты тұтанып, ақыры екеуі отбасын құрады. Мәриям біздің Қызылжар қаласының тұрғыны Әбілмәжін Галеев деген кісінің қызы екен.
1955 жылы институт бітіргеннен кейін тау-кен инженері мамандығын алған Кәкімбек Салықовты өкімет Жезқазған өңірі Ұлытау маңындағы №51 кен басқармасына участок бастығы етіп жібереді. Өзін кәсіби дайындығы мықты маман екенін көрсете білген оны ұзатпай №44 шахтаның бас инженері қылып тағайындайды. Ал жарты жылдан кейін осы ірі шахтаның директоры қызметіне өсіреді.
1965 жылы Жезқазғанның тау-кен комбинаты барынша ірілендіріліп, оның құрамына Қарсақпайдың жабылған мыс қорыту зауыты қосылып, қалада жаңа зауыт тұрғызылады. Кәкімбек Салықов осы комбинаттың партком хатшысы болып сайланады. Ал 1969 жылы оны Жезқазған қалалық парткомының бірінші хатшысы қызметіне ауыстырады.
Осы жылдарда Кәкімбек Салықов шығармашылықтан қол үзбей ондаған өлеңдер жазады, 1970 жылы алғашқы «Сыр» жинағы жарық көрді, ал «Гәкку», «Домбыра» деген поэмалары жеке кітап болып шығады. Қазақ ақындары Кәкімбек өлеңдерінің көркемдік қуатына жоғары баға береді. Мысалы, ақын Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиеті» газетіне «Кенші ақын» деген мақала жазып, К.Салықовтың поэзиясының көркемдігіне халықтың назарын аударады. Ақынның «Жезкиік» жинағына шыққан «Жезкиік» өлеңіне атақты композитор Нұрғиса Тілендиев, артынан сол өлеңге Жақсыкелді Сейілов ән шығарып, ол Қазақ радиосы арқылы бүкіл республикаға тарап, халықтың сүйіп тыңдайтын әніне айналады.
Осыдан кейін де оның ондаған жыр жинақтары шықты, олар орыс, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ тілдеріне аударылды. Ақынның өзі алдымен Жазушылар одағына, артынан оның төралқасына мүше болды. Бірнеше орыс ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сол кездегі Алматы мен Мәскеудегі «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Дружба народов», «Новый мир» сияқты журналдарға өлеңдері мен әдеби мақалалары жиі жарық көріп тұрды.
Шығармашылығы өсуімен бірге Кәкімбек Салықовтың қызмет баспалдақтары да жоғары өрледі. 1975 жылы ол Мәскеудегі КП ОК аппаратында инспектор болып ауыстырылды. Бұл сол кездегі КСРО билігінің ең жоғарғы сатысы еді, оның қатарында тек 5 қазақ қана қызмет атқарды. Соның бірі Кәкімбек Салықов болды және ол ең ұзақ, 10 жыл бойы өмірін осы орында өткізді. Көргендер оның кабинетінде домбыра сүйеулі тұратынын айтады. Туған жерді сағынған Кәкең кейде ыңылдап, ән де шертіп қояды екен. Ол «ЦК»-ның қымбат паегы мен жоғары қызметіне қызыққан жоқ, керісінше елді аңсап, сағыныштан өлеңдер жазып отырды. Өзінің айтуына қарағанда: «ЦК» қанша жайлы болса да елге деген сағынышым үдей берді.
«Қайтқан құстар барады
Еділдетіп Оралмен,
Елге жетіп қалар ма ем,
Ере кетіп солармен», — деген сөздері бар «Аңсау» әні және көптеген сағыныш өлеңдер сол кезде туып еді. Елден келген жігіттер кездесіп тұратын, құдайдың бір бергені шабытым суыған жоқ, елдегі газет-журналдарда басылып тұрды, көптеген әндер де туып жатты», дейді. Ал жас композитор Мұратхан Егінбаев оның Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арнаған «Үш арыс» атты өлеңіне ән шығарып, ол бір кезде бүкіл қазақ аспанында қалқып тұрды.
Тар кезеңде бірлесіп,
Бар қатерді бір кешіп,
Еңіреп туған елім деп,
Қазақтың ірілері — Абайдың інілері
Сәкен, Ілияс, Бейімбет — деген әннің қайырмасы айтылғанда көзіне жас алмайтын қазақ болмайтын.
Орталық партия комитетіне барып, қызмет атқарған қазақтар 3-4 жылдан ғана тәжірибеден өтіп, елге үлкен қызметке қайтарылатын. Басқаларға солай болған дәстүр К.Салықовтың кезінде бұзылып, ол Мәскеуде 10 жылдай отырып қалды. Бұл мәселе туралы түрлі әңгімелер көп, соның ішінде Қонаев Кәкімбек Салықовтың Қазақстанға келуіне өзіне бақталас бола ма деп қарсы болған деген әңгіменің жаны бар сияқты...
1984 жылы партия Кәкімбек Салықовты Өзбекстанның қарамағындағы Қарақалпақ АССР-іне бірінші хатшы етіп жібереді. Осы жерде 1989 жылға дейін қызмет атқарып, екі мәрте КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланған. Бес жыл қызмет істегенде Қарақалпақстанға үлкен көмектер жасаған, соның ішінде КСРО Министрлер кеңесінің «Қарақалпақстанға көмек беру туралы» қаулысын шығартып, республикаға миллондаған сомның көмегін бөлдіреді.
1989 жылы Кәкімбек Салықов КСРО Халық депутаттары қатарына өтіп, оның Экология мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағалығына сайланды. Бұл қызметте КСРО тарағанша істеген Кәкімбек Салықов туған жерге 1992 жылы түпкілікті оралды. Алайда 60 жасқа жаңа толған шебер маман, білікті ұйымдастырушы, күш-қуаты толық, жан-жақты білімі зор адамға Н. Назарбаев Қазақстан өкіметінің құрамынан оған бір орын бермеді. Есесіне К.Салықов «Қ.Сәтбаев атындағы қоғамдық қор құрып», қоғамдық жұмыстармен және өзінің шығармашылығымен айналысып жүрді.
Ол Қазақстан мен КСРО-ның алты орденін, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер атағын алған, 50-ге жуық жыр жинақтарын шығарып, өлеңдеріне 500-дей ән шыққан адам. 2013 жылдың 27 қарашасында Кәкімбек Салықовтың үлкен жүрегі Астана қаласында 81 жасында тоқтады. Артында жары мен бір ұл, үш қызы және немере-шөберелері қалды.
Жақсыбай Самрат – жазушы-журналист