Отан үшін оққа тосып кеудеңді,
Ерлігіңді, өрлігіңді ер көрді.
Бірге аттанған бауырларың
жер жастанды, жерленді
Жебейді олар әруағымен сендерді.
Аналардың көл боп аққан көз жасы,
Жетім- жесір тағдырларын ойлашы.
Сол күндерді көрмесін бұл халқымыз,
Елі үшін құрбан болған ер басы....
15 ақпан – интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні, Ұлы Отан соғысынан екі есе ұзақ – жат жерде 9 жыл 51 күнге созылған сұрапыл да қасіретті соғысқа қатысқан әрбір азаматқа тағзым күні. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы аяқталды.
Ауған соғысы... ешкімнің де, ешкімге де жарияланбаған қаһармандық пен қайғыға толы оқиғаны түсінуді қажет етпейді, бірақ сан сұрақтарға жауап беруді қажет етеді. Не болды, қалай болды, неге болды? Бекер болды ма?
Еске салатын болсақ, 1978 жылы сәуірде Ауғанстанда Ауғанстан Халықтық Демократиялық партиясы жетекшілік еткен революция болды. КСРО АХДР-ны бірінші болып мойындады. 1979 жылы наурызда Гераттағы көтеріліс кезінде Ауғанстан басшылығы КСРО-ға Ауғанстандағы оқиғаларға тікелей әскери араласу туралы алғашқы өтінішін жасады. Ол қабылданбады, бірақ бірнеше рет шақырылу негізінде қолданыстағы Кеңес Армиясы Ауғанстанға 1979 жылы желтоқсанда кірді. 1980 жылдың көктемінде Кеңес әскерлері олардың еркінен тыс Ауғанстандағы соғыс қимылдарына тартылды. Ал Ауған соғысы Ұлы Отан соғысынан кейінгі ең ұзақ және ауқымды жергілікті шиеліністердің бірі болды.
Интернационалист-жауынгерлер лаңкестермен және қару сатушылармен соғысты. КСРО мамандары үйлер мен инфрақұрылымдарды салып, есірткінің таралуына тосқауыл болды.
Гиндукуштың биік таулары артындағы соғыс жайлы ұзақ уақыт бойы дерлік ақпарат алынған жоқ, тек табыттарды әкелетін әуе «қара қызғалдақтар» онда нағыз соғыс жүріп жатқанын еске салды. Туыстары ұлдарының, ерлерінің, ағаларының нағыз майдан отына түскенін білмеді... Ауған соғысының қасіреті кімдердің жүрегін жараламады десеңізші?! Азаматтық борышын атқаруға әскерге кетіп, табытпен оралғандары қаншама?
9 жыл ішінде Ауғанстан арқылы кемінде бір жарым миллион жауынгер өтіп, Ауғанстандағы ұрыстарға 22 мың қазақстандық қатысты. Оның 1500-і Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары, 25 сарбаз хабарсыз кеткен деп танылса, 762-сі қаза тапты, оның 46-сы солтүстікқазақстандықтар.
Тарих беттерінен білетініміз осы, бірақ бұл оқиғаның куәгерлері әрі қатысқандары соғыс азабын шынайы сезінді...
Соғыс... өте қорқынышты сөз. Қорқыныштың сұрапылы бейбіт уақытта, жас сарбаздар өз елінің үкіметінің бұйрығын орындап, мемлекет мүддесін қорғай отырып, интернационалдық борышын өтеуге мәжбүр болған кезде болды. Өкінішке орай, мыңдаған жас әскери қызметкерлер басқа елдердің аумағындағы қарулы қақтығыстарда қаза тауып, соғыс талайлардың өмірін қиды. Тым көп ауыр сынақтар өткерілді, бұл сынақтардың құны - адам өмірі.
Осы жылы Ауған соғысына 35 жыл. Бірақ алыстағы Ауған соғысы халық жадында, ол соғыс оқиғаларын жылдар да, қашықтық та өшіре алмайды. Үйге оралғандар қорқынышты күндерді есіне алуға қынжылады және бұл туралы айтуды ұнатпайды. Ұзақ уақыт үнсіз қалған соғыс, халық жадынан қайғыға толы өлеңдерімен ақтарылды.
Бауырым, бұл хатымды аласың ба?
Ауғанның тауларының арасында,
Бораған қорғасын оқ бас көтертпей,
Жатырмыз ессіз-түссіз жар астында.
Қоршаудамыз, барады айдан асып,
Анталаған жаулармен тайталасып,
Іздеп жатқан ел де жоқ артымыздан,
Шер-қайғыңды енді кімге айта аларсың?
Күңіреніп, күрсінеді Ауғанстан,
Жігіттер де шаршады сұм соғыстан.
Түн ортасы басталар қанды қырғын,
Жарылыстан-жарылыс – күл боп ұшқан.
Күні өтеді осылай жастығымның,
Жолдасымның естідім ақтық үнін.
Қансырады, құлады командирім,
Бірақ сырын алдырмай жатты күліп.
Күліп жатты жалғанның барлығына,
Өспей жатып жасыл гүл солды сонда!
Көтергенмен рухын жауынгердің,
Іште қалды-ау өкпесі тағдырына!
Басқа салды, біз көндік, амал қанша?
Тартысамыз дұшпанмен ала алғанша.
«Жауынгер хаты» (авторы М.Сергеев)
Сол соғыс жолдарынан өткен жауынгерлер ерлік пен қайсарлықты, достың иығы не екенін біледі, қаза болған жолдастарының қасиетті рухын қастерлейді. Олар балалардың бойында нағыз патриоттық сезім мен мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етуге деген ұмтылысты қалыптастырады. Сондықтан да көптеген қалаларда, соның ішінде Петропавл қаласында әскери-патриоттық клубтар құрылды. Алғашқылардың бірі болып Петропавлда құрылған «Саланг» әскери-патриоттық клубы болды, ол әлі де бар және бүкіл Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерде де белгілі. Оның тәрбиеленушілері мен қатысушылары жыл сайын халықаралық Есте сақтау Вахтасына барып, Новгород облысындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің сүйегін көтеріп, қайта жерлеу және тағзым етуіне қатысады.
«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің ұжымы интернационалист-жауынгерлерге өшпес ерліктеріңіз үшін ізгі ниетімен құрметін білдіреді. Тозақ пен өлімді, қан мен қатерді бастан өткере отыра, адамдық мейірімділікті сақтай білгендеріңіз үшін рахмет. Сіздерге зор денсаулық, аспаныңыз ашық болуын тілейміз!
«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің
тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі
Мамбеталинова А.Н.