Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай
ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ
халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған
ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті.
Хан Абылай – Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре алған көрнекті мемлекеттік қайраткер.Ол ел билеген кезде мемлекетте айтарлықтай өзгертулерді жүзеге асырды. Хан Абылай (1771-1780) – барша қазақ даласында беделі талассыз болған соңғы қазақ ханы.Драмалы, тіпті, аңыз өмір, батыл мінезі, ерекше дарындылық -жетім Әбілмансұрға ұлт батыры болуды жазды. Оның қазақ тарихындағы орнын бағалау қиын. Ол – азаткер-батыр, дана билеуші, шебер мәмілегер. Жас сұлтанның басты мақсаты халық қалауындай айбарлы жауға қарсы күрес болды.Абылай көреген саясаткер ретінде Қазақ хандығы үшін басты қауіп екі ірі держава – Ресей мен Цин империясында жатқан жоңғарлардың басқыншылығы екендігін жақсы түсінді. Оның халық алдында және Әбілмәмбет хан алдында беделі болды. Сырттағы қауіппен күресе жүріп, Абылай хан қазақ жерін біріктіруге көп күш жұмсады.Жас ұрпақ Абылай хан арманының жемісі – қазіргі Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтуы керек, ішкі келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында қыхмет етуі керек.Оның өмірі туралы, шығармашылығы туралы өмірбаяндық мәліметтер, естеліктер жастарға патриоттық тәрбие беруде құндылыққа ие.Бұл жинақта берілген материалдар қалың оқырман үшін қызықты болады және студент жастар үшін белсенді өмірлік ұстанымның жарқын үлгісі болады.Абылай (Әбілмансұр)хан (1711-1780) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері.Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.«1723 жылғы апат «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауымен қазақ халқының санасы мен жылнамасына мәңгіге енді. Қазақ қазақ болғалы мұндай қасіретке, қырғынға тап болмаған еді. Халықтың үштен екісі қырылды, елден босып кетті. Алтай мен Жетісу, Арқаның біраз жері жау қолында қалды. Қазақ жасақтарының Бұланты өзеніндегі жеңісі жоңғармен соғысқа түбегейлі бетбұрыс әкелмеді. Ал Аңырақай шайқасындағы жеңіс, біріншіден, шаңырағы шайқалса да аман қалған мемлекетіміздің қайта нығайған әлеуетін паш етсе, екіншіден, Шарыштың басын қаққан Абылай тағдырының жұлдызды кезеңін ашты.Бүгінгі ұрпақ Абылайдың қилы тағдырын замандасы Үмбетей жырау, ақылшысы Бұқар жырау, серігі Тәтіқара ақын, басқа да білімпаздар шығармасынан біледі. Әсіресе Тәтіқара ақыннан жеткен:
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап
Абылайлап шапқанда...
Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың
Барша әлемге даң болдың,-деген жолдардың танымдық, деректік, эмоциялық, методологиялық бәсі мейлінше жоғары. Даланың ауызша тарихнамасы ұлттық тарихымыздың сырын ашып, шырайын кіргізетін қазына екеніне көзімізді жеткізеді». Жан алысып, жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдары ол Орта жүздің билеушісі мәртебесімен атала бастады. 1758 жылғы Ресей сыртқы істер алқасының жарлығында «Орта жүздің бас әміршісі Абылай сұлтан ...» делінсе, сол жылы өзі жазған хат: «Орта жүздің билеушісі Абылай сұлтан ...» деген жолдармен басталыпты.Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Саяси басшы ретінде қазақ қоғамының өміріне осыншама ұзақ уақыт пәрменді ықпал еткен Абылайдай тұлға ұлттық тарихымызда кездесе бермейді. Бұл – бір.Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда» Абылайдың саясаткерлігін суреттеген:
Дұшпанның қалғандай боп табасына,
Арқаға аяқ салып түскен барып
Екі оттың орыс – қытай арасында.
Күндерде сонау – қара тапсырған ел
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың,
Қылсаңда аз қанша тәуәп моласына.
«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ.
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында - ор, алдында - көр, жан-жағы жау,
Дағдарған алаш енді қайда бармақ?
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.
Күндердің бір күнінде хан Абылай
Қалмаққа – (ойын салды) – ойрансалмақ.
Ханынан; «Аттан!» - деген сөз шыққан соң,
Ордаға батыр билер келді аңда.
Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған. Қытайдың жымысқы оспағына, орыстың содыр тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен, өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген жалмауыз отаршылдардың бағын ақылы мен айбынымен тайдырған. ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты Абылай хан болды. Ол ел билеген кезде қазақ халқының рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.
Абылай хан ажал жастығына бас қойғанда Бұқар жырау:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам
«Абылай өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білген санаулы саясаткерлердің бірі екені тарихи құжаттарда көрініс табады. Мысалы, Қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайға бәйбішесі хал үстінде жатқаны жөнінде хабар келгенде «8-айдың 25-і күні біз Абылайдың бастауымен Атбасар маңындағы Есіл өзенінің бойынан аттандық. 9-айдың 7-сі күні біз Көксеңгір деп аталатын жерге жеткенде, Абылайдың үйінен екі мәрте адам жіберіліп, Абылайдың бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабарды жеткізді. Сонда Абылай «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Мен сіздерді ел шетіне дейін апарып тастағаннан кейін қайтармын» деді де, әрі қарай сапарды жалғастырды. Сонан кейін тағы да адам келіп, Абылайды үйіне қайтуын сұрады. Абылай бізбен ақылдасқанда бұрынғысынша әрі қарай жүре бермекші болып еді, біз ол кісіні тоқтатып, «сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой» қайта беріңіз деген ниет білдірдік. Абылай қытай елшілеріне: «Ендеше, сіздер «жол ортада бізді тастап кетті» демеңіздер. Мұндай қиын жағдай болғандықтан мен де шарасыз болып тұрмын. Мен қайтып барғанда (бәйбішем) бойында әлі жан бар болса, онда мен оны дәрігерге көрсетермін; ал егер мен қайтып барғанда ол әлдеқашан қайтыс болса, онда мен оны міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» - деп қоштасқан.Халықтың әл-ахуалын көтеру үшін Абылай сауда-саттыққа жол ашып, оған тікелей өзі басшылық етті.«Абылайдың тұсында елді басқарудың әкімшілік-аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді. Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық жауапты болды. Абылай төтенше жағдайларға икемсіз Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды.Халықтың тұрмысын жақсартуды көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарынан бастаған. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Жоңғар хандығымен айырбас сауданы жөнге қойды. Ұрлық-қарлыққа қатаң тыйым салды. Шетелдік сауда керуендерінің аман келіп-қайтуын қатты бақылаған. Алғашқы жылдардың өзінде Абылай Шұбаркөл бекінісінде, кейін Ор, Петр ағзам, Троицк, Семей, Кереку бекіністерінде, Қытайдың Үрімші өлкесінде айырбас сауда орындарын ашуға тікелей ынтагер болды. 1743-1752 ж.ж. Жоңғар хандығымен және Ресей үкіметімен үш жақты тиімді әрі тату көршілік қарым-қатынаста болуға күш салған.Абылай Ұлы жүз бен Кіші жүз хандарымен, сұлтандарымен, беделді ел ағаларымен үнемі ынтымақта болып, қажет уақытта күш біріктіріп, жалпыұлттық мүддені бірге қорғаған. Аймақтық, ру-тайпалық жіктелушілікке, алауыздыққа жол бермеген. «... Сол аласапыран дәуірде, – дейді Мұхтар Омарханұлы, – қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «қазығұрттай үміті» жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін ту көтеріп, бір араға жиған Абылай болатын... Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы – жаңа саяси бет болды».
Солтүстік Қазақстан облысы. Петропавл қаласы. «Абылай хан резиденциясы»
музей кешенінің тарихи – ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері
Жұмабекова Гүлнар Жияншақызы