Адамзаттың Абайы
Батырларға — мың тағзым!
ҰЛЫ ДАЛА ЗАҢДАРЫ
IN RUHANIAT POST 27 ТАМЫЗ 2021 BY SUPER USER ҚАРАЛДЫ: 123
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінде “Ата Заң – алтын тұғырымыз” атты көрме өтті. Шараның мақсаты – көпшілікті мемлекеттің қалыптасу тарихымен таныстырып, келушілерге қазақ хандығының құқықтық негізде дамуына атсалысқан Жошы, Қасым, Есім, Тәуке хандар мен Майқы, Қазыбек, Төле, Әйтеке би, Бұқар жырау сынды көрнекті тарихи тұлғалардың өмірі туралы әңгімелеу.
Көрме 5 бөлімнен тұрады. Онда хандар мен билер, “Жеті жарғы” заңы туралы құнды мәліметтер топтастырылған. Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің қазіргі жағдайы туралы да деректер бар. Стендтерде моңғолдардың түркі даласын жаулап алуынан бастап, қазақ хандығының Ресей империясына қосылуына дейінгі заңнамаларды жасауға қатысқан тарихи қайраткерлер туралы қысқаша анықтама берілген. Бұл көрме мемлекеттің қалыптасу кезеңін және құқықтық жүйенің қалай жетілдірілгенін, құқықтар мен әдет-ғұрыптарға негізделген ережелер қалай пайда болғанын көрсетеді. Кейін ол елдің негізгі Заңына айналды.
Қазақстан аумағындағы алғашқы Конституциялардың бірі – Шыңғыс ханның “Ясы” заңдар жинағы. XVI-XVII ғасырларда ол “Қасым ханның қасқа жолы” және “Есім ханның ескі жолы” құқықтық нормаларымен алмастырылды. Тәуке хан тұсында үш жүздің көрнекті билері бұл заңдарды толықтырып, “Жеті жарғы” деп атады. Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмені 27-31 тамыз күндері тамашалай алады.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары.
Абылай жолы алымды
Тарих • 07 Қыркүйек, 2021
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Көкшетау өңірінің жергілікті өлкетанушысы Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған топ былтырдан бері «Абылайдың қара жолы» атты маршрутпен экспедиция жүргізіп келеді. Олардың мақсаты – Абылай хан мен оның ұрпақтары, батырлары мен билерінің, атақты адамдардың туған, болған жерлеріне сапарлап, халықтың назарын тарихи оқиғаларға аудару.
Осының өзі бүгінгі ұрпақтың санасын селт еткізіп, елге, жерге деген патриоттық сезімдерін оятар деген үмітті де үкілеп келген. Алғашқы сапарын Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйінен» бастаған былтырғы сапарлар жайлы қалың кітап та басылып шықты.
Ал биылғы сапар былтырғыдан да ұзақ болып екі аптаға созылған. Осы уақытта экспедиция мүшелері 7 мың шақырымнан артық жол жүрген. Биылғы экспедицияға Қызылжардағы «Абылай ханның резиденциясы» музей-кешенінің қызметкері Алмас Әлімжанов та қосылып, бірге сапарлап қайтты. Экспедиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық және Абылай ханның 310 жылдық мерейтойларына арналған екен. Сапарлаушылардың құрамына біздің облыс қана емес, Нұр-Сұлтан, Кентау қалаларынан да өкілдер енген. Олардың арасында тарихшылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар және хан ұрпақтары болған.
Сапардың маршруты Көкшетау қаласынан шығып, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарының аумақтарын қамтып, қайтадан Көкшетауға жеткен. Экспедиция мүшелері «Ұлы даланың ұлы есімдері» ұранымен Павлодар облысында Мұса Шормановтың, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің кесенесіне соғып, жергілікті халықтан атақты тұлғалар туралы жаңа деректер жинаған. Ал Шығыс Қазақстан облысы Семей өңірінде олар ұлы Абай мен Шәкәрімнің басына зиярат етіп және ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туған жерінде, музейінде болған. Алматы облысында Алтын-Емелде болып, қазақтың ұлы ғалымы, Абылайдың шөбересі Шоқан Уәлихановтың зиратына барып, зиярат еткен.
Жамбыл облысына келгенде Қордай ауданының Қырғыз елімен шектескен жеріндегі Кенесары ханның ескерткішіне гүл қойып, рухына құран бағыштапты. Сонымен бірге ханның туған жері Көкшетаудан алып келген топырағын сеуіпті.
Осы жолдардың бәрінде экспедиция мүшелері жергілікті халықпен, оның ішінде аузы дуалы ақсақалдармен, ғалымдармен, өлкетанушылармен әңгімелесіп, олардың білетін деректерін жинаған, жәдігерлер табуға тырысқан. Жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, өздерінің мақсаттары туралы әңгімелеген. Әрине, бұл экспедиция алдарына археологиялық немесе тарихи мақсат қойған ғылыми емес, жоғарыда айтқанымыздай, халық назарын ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғаларға аудару. Экспедиция өзінің мақсатына толық жеткендігі де көрініп тұр. Енді оның қорытындысы туралы жаңа жинақ шығарылмақ.
Жақсыбай САМРАТ
Солтүстік Қазақстан облысы
Жерлес жазушы ұлықталды
Әдебиет • 26 Тамыз, 2021
Қазақстандық орыс тілді жазушылар арасында Иван Шуховтың есімі айрықша аталады. Өйткені оның шығармашылығы негізінен қазақ даласын, оның тыныс-тіршілігін, халықтардың өзара сыйластығын суреттеуге арналған. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы казактардың Пресновка станицасында 1906 жылы өмірге келген. Бұл өңірде қазақтың атақты жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов те туғаны белгілі. Бір түкпірде үш бірдей ірі жазушының туғандығы да бұл топырақтың қасиетін айғақтайды.
Иван Шухов – ерте танылған жазушы. Алғаш поэзия жанрында қалам сілтеген ол артынан үлкен прозаикке айналып, 37-нің қанды қырғындарына дейін-ақ бірнеше романы Мәскеудегі орталық басылымдарда жарық көрген. Алайда сол жылдардың қаһарлы қысталаңы оны да жасқап, сотталмаса да қуғындалып, өзінің туған жеріне оралуға мәжбүр болған. Ұзақ жылдар аудандық, облыстық газеттерде істеп, артынан Алматыға ауысып, 10 жылдай орыс тілінде шығатын әдеби журнал «Простордың» редакторы болды. Осы жылдарда қазақ жазушыларымен, соның ішінде екі жерлесі – С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповпен тығыз шығармашылық байланыста болып, олардың бірнеше еңбегін орыс тіліне аударған. Өзінің де «Қасірет белдеуі» («Горькая линия»), «Өшпенділік» («Ненависть»), «Преснов әңгімелері» («Пресновские рассказы»), «Американың күн мен түні» («Дни и ночи Америки») және т.б. шығармалары қазақ тіліне аударылған. Еңбектері жоғары бағаланып, кезінде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты, екі рет Еңбек Қызыл Ту және бір рет «Халықтар достығы» ордендерін алған.
Биыл жазушының туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлдағы «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мәдени шаралар шеңберінде И.Шуховтың да мерейтойын атап өтуді жоспарлаған екен. Жуырда осы шара өткізіліп, оған жазушының туған жерінен оны білетін адамдар келіп естеліктер айтты. Жергілікті ақын-жазушылар да қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Музей кешеннің директоры Аян Садаевтың айтуына қарағанда, туған жердің жарқын тұлғаларын бүгінгі жастардың назарына ұсыну өз жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі екен. «Сондықтан да Қазақстанға үлкен еңбек сіңірген И.Шуховтай дарынның жастарға үлгі болатын қырларын бүгінгі ұрпақ білуі керек», деді ол.
Мәдени іс-шараның ең қызық бөлігі жазушының туған ауылы Пресновкадағы музейінің көшпелі көрмесі жиналғандардың назарына ұсынылуы болды. Мұнда оның тұтынған заттары, түрлі уақыттарда жарық көрген еңбектері, суреттері, қалам-қағаздары, жазу машинкасы, темекі тартатын трубкасы және т.б. жәдігерлер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жақсыбай САМРАТ
Петропавл
2 бет. Барлығы: 5