Абылайдың ақ үйі – патриотизм ошағы

Петропавлда «Абылайдың ақ үйі» аталған тарихи үйдің қирап, сүрудің аз-ақ алдында қалған жерінен оның баға жетпес ескерткіш екенін дәлелдеп ақсақалдар мен журналистер аман алып қалған еді.

Әсіресе, қазір «Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген Жақсыбай Самрат ағамыздың еңбегі зор.  Ол Абылайға Петропавл қорғанының қарсысында ханның өзінің және патшалықтың жергілікті әкімшілігінің ұсынысымен  ІІ Екатерина патшайым қыстық үй салдырғанын дәлелдейтін құжаттар іздеп еліміздегі барлық архивтерді, деректерді ақтарумен қоймай бір шеті Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларының архивтеріне де барып, жұмыс істеген. Ақыры оның жұмысы нәтижелі болып, Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің архивінен Абылайға салынған үйдің жоспары табылды.  Ал Омбы қаласының архивінен үй салуға шеберлердің жіберілгені және Абылайдың олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігі жөнінде де құжаттар табылды. Соның арқасында енді құлатамыз, жер бетінен жоқ қыламыз деген үй қайтадан жанданып, жөндеу жұмыстары басталған.  Ал оны «құлату керек» деген шешімді жергілікті өлкетатанушыларды қатарына қосып алған мәдени мұраларды қорғауға міндетті шенеуніктердің өздері болған еді...

Абылайдың ақ үйін қорғауға ақсақалдар арасынан Кенжебек Әбішев атамыз үлкен еңбек сіңірген. Үйді қорғау жөнінде алғаш рет әңгіме қозғап, оны Жақсыбай Самратқа жеткізген де сол атамыз марқұм. Жергілікті әкімдік тарапынан сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов ағамыздың да еңбегін атап айтқан жөн. Ол Жақсыбай Самрат пен облыстық архивтың сол кездегі директоры Жұқаш Қосыбаевтың Санкт-Петербург сапарын қаржыландыруға көмектескен еді.

Ал құжаттар табылғаннан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында үйді қалпына келтіруге бюджеттен алынатын қаражатты бөлдіруге күш салған сол жылдардағы облыстың әкімі Тайыр Аймұхамбетов еді Ол кісі үйдің тарихи маңыздылығын бірден түсініп, оны қалпына келтіру шығынан «Мәдени мұра» бағдарламасына бөлінген қаражаттар қатарына енгізе алды. Екі-үш жылға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін Абылайдың ақ үйі 2008 жылғы тамызда музей ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың лентасын қиюымен есігін айқара ашты.

Міне, осы ағаларымыздың арқасында қазір Қызылжар қаласында «Абылайдың ақ үйі» ханның резиденциясы музейі ретінде асқақтап тұр. Қалаға алыс-жақыннан келген қонақтардың оған кірмейтіні жоқ шығар. Тіпті, алыстан туыстарына келген қонақтар, құдалар да Абылайдың үйіне соқпай кетпейді. Соның арқасында жылына 25-30 мың адамдай адам музейдің қонағы болады. Қала және облыс мектептерінің оқушылары үлкен топпен экскурсияға келеді. ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарының студенттері де біздің жиі қонағымыз. Біз ғана емес барлық журналистер, білікті адамдар Абылайдың ақ үйін облыстағы ең басты тарихи мұра деп санайды. Оған келген жастарға отандық патриотизм рухы егіліп, әңгімелер айтылады. Талай жастың көздерінде жарқ еткен ұшқын пайда болатынын да көзіміз көрді. Әсіресе, «Аңырақай соғысының» экспозициясы және Абылай ханның балауыздан жасалған мүсініне жастар құмартады. Олардың алдында жас балғындардың ұзағырақ тұратынын бақылаймыз. Сонымен бірге оларға қазақтардың қару-жарақтары да қызығушылық тудырады. Осындағы көріністерден кейін талай жас қазақ тарихына қызығушылық білдіріп, сұрақтары көбейетінін тарих пәнінің мұғалімдерінің аузынан жиі естиміз. Экскурсияға келгендерге біздің көп жылдардан бері қызмет атқаратын білікті мамандарымыз Гүлнәр Жұмабекова, Люмила Шераухова және т.б. Абылайдың қызметі мен ХVІІІ ғасырдағы қазақ өмірінен әңгімелер айтады.  Қазір музейде директорымыз Аян Садаев бастаған 30 шақты адам қызмет істеп, нәпахасын айыруда. Тек оған республикалық мәртебенің берілуі шешілмей тұр. Абылай ханның еліміздегі жалғыз музейі болса да оған осы мәртебе әлі берілмей-ақ қойды.

«Отан қорғаушы күніне» және Жеңістің 75 жылдығына арнап «Ер есімі- ел есінде» атты патриоттық көрме ұйымдастырдық. Карантин күндерінде де музейіміз жұмысын жалғастырып, онлайн режімде жұмыс істеді. Біз көрермендерге 25-тен астам онлайн тақырыптық экскурсиялар, музей сабақтары, дәрістер мен интерактивті шаралар ұсындық. Ол 4500-5000 – дай көрерменді қамтыды. Жалпы, біздің музейіміз облыстағы патриотизм ошағы деуімізге толық негіз бар.

Әсемгүл Қыдбекова,
«Абылай хан резиденциясы»
музейі директорының орынбасары

Егемен Қазақстан

Абылай ханмен тілдескен түн

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 30 тамыздан бастап «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция бастау алған еді. Жуырда осы ауқымды шара Қызылжардағы «Абылай хан резиденциясы» музей-кешенінде жалғасын тапты.

Парад музеев

Бұл акцияның мақсаты  ұлттық мәдени мұралардың жалпы халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, ол жастар санасына ұлттық тарихтан терең хабар береді. Сонымен бірге ол мә­дениет пен өнер саласын­да мемлекет тарапынан болып жатқан іс-шараларға қазақ­стандықтардың назарын, аза­мат­тарға «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары туралы біршама ақпарат беруді мақсат еткен. Экспонаттармен танысудың өзі тарихтың қызық­ты сюжеттері, квест, викториналар, мастер-кластар, экскурсиялар арқылы өтіп, жастарды жалықтырмайтын, керісінше қызығушылығын тудыратын іс-шаралар арқылы жүргізіледі. 

“Айлы түннің жарығымен” фестивалі өтті

Айлы түннің жарығымен. Осындай атаумен “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде фестиваль ұйымдастырылды. Онда өңіріміздің өнерпаз жандары үш жүздің басын қосқан қолбасшы жайлы қойылым сахналады. Сондай-ақ, жиналғандар квест ойнап, тапсырмаларды орындады.

Петропавлда Егеменнің 100 жылдығына арнап шырша екті

Қазір еліміздің барлық аумағында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «эко-сағат» акциясы өтіп, жаппай ағаш отырғызу жүргізіліп жатыр.

Осы шараға жуырда Петропавлдағы ресми түрде «Абылайхан резиденциясы», ал халық арасында «Абылайдың ақ үйі» аталатын музей-кешенінің қызметкерлері де үн қосып, аулаларына отыз түп шырша отырғызды.

Сол шыршаның бірін «абылайлықтар» еліміздің ата газеті «Егеменнің» жүз жылдығына арнапты. Оның түбіндегі тақтайшада былай деп жазылған: «Бұл шырша еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның 100 жылдық мерейтойына арнап отырғызылды». 

“Жас өлкетанушылар” үйірмесі

“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде үш жылдан бері “Туған жер” жобасы аясында “Жас өлкетанушылар”үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда өңіріміздің өрендері облыс тарихын терең зерттеуге ден қоюда.

Соңғы уақытта үйірме мүшелері зерттеу нәтижелерін оқушыларға, сондай-ақ, алдыңғы толқынға таныстыруды бастады. Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды, олар дүниеге келген орындарды зерделеп жүрген Мирас Құрманғалиев Аққайың ауданының еңбек ардагерлеріне “Абылай және оның өмірі” атты тақырыпта экскурсия жүргізді. Аға буын өкілдері жас өлкетанушының жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

“Жас өлкетанушылар” үйірмесінің қатысушылары облысымыздың киелі жерлеріне, музейлерге, архивтерге жиі саяхат жасайды. Киелі жерлер жайында мағлұматтар жинап, экспозиция материалдарымен танысуды да мақсаттарына айналдырды. Бастауыш сынып оқушыларын туған өлке туралы мақалалар, реферат жазуға баулып,өз ойларымен бөліседі.

Жұмабекова Гүлнәр
“Абылай хан резиденциясы” тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері