Абылай мұрасы – ұрпаққа аманат

Қазақтың дарқан даласы киелі жерлерге бай. Оны қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Қазақ даласының қасиеті жайлы ақын Фариза Оңғарсынова:

“Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау, Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам”, – деп жырлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. “Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі”, – деді Елбасы.

Ұлтық құндылықтардың қайнары

Қызылжардағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені өзінің қайталанбас сәулетімен ерекшеленеді. Мәрмәр тастармен көтерілген баспалдақтармен жоғары өрлей бастасаңыз, сізді ат үстіндегі Абылай ханнаң алып тұлғасы қарсы алады. Резиденцияның толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енгеніне биыл тоғыз жыл толады. 2008 жылдың 21 тамызы күні осынау ерекше нысанға қарай жұрт ағылды.