“Айлы түннің жарығымен” фестивалі өтті

Айлы түннің жарығымен. Осындай атаумен “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде фестиваль ұйымдастырылды. Онда өңіріміздің өнерпаз жандары үш жүздің басын қосқан қолбасшы жайлы қойылым сахналады. Сондай-ақ, жиналғандар квест ойнап, тапсырмаларды орындады.

Петропавлда Егеменнің 100 жылдығына арнап шырша екті

Қазір еліміздің барлық аумағында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «эко-сағат» акциясы өтіп, жаппай ағаш отырғызу жүргізіліп жатыр.

Осы шараға жуырда Петропавлдағы ресми түрде «Абылайхан резиденциясы», ал халық арасында «Абылайдың ақ үйі» аталатын музей-кешенінің қызметкерлері де үн қосып, аулаларына отыз түп шырша отырғызды.

Сол шыршаның бірін «абылайлықтар» еліміздің ата газеті «Егеменнің» жүз жылдығына арнапты. Оның түбіндегі тақтайшада былай деп жазылған: «Бұл шырша еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның 100 жылдық мерейтойына арнап отырғызылды». 

“Жас өлкетанушылар” үйірмесі

“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде үш жылдан бері “Туған жер” жобасы аясында “Жас өлкетанушылар”үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда өңіріміздің өрендері облыс тарихын терең зерттеуге ден қоюда.

Соңғы уақытта үйірме мүшелері зерттеу нәтижелерін оқушыларға, сондай-ақ, алдыңғы толқынға таныстыруды бастады. Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды, олар дүниеге келген орындарды зерделеп жүрген Мирас Құрманғалиев Аққайың ауданының еңбек ардагерлеріне “Абылай және оның өмірі” атты тақырыпта экскурсия жүргізді. Аға буын өкілдері жас өлкетанушының жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

“Жас өлкетанушылар” үйірмесінің қатысушылары облысымыздың киелі жерлеріне, музейлерге, архивтерге жиі саяхат жасайды. Киелі жерлер жайында мағлұматтар жинап, экспозиция материалдарымен танысуды да мақсаттарына айналдырды. Бастауыш сынып оқушыларын туған өлке туралы мақалалар, реферат жазуға баулып,өз ойларымен бөліседі.

Жұмабекова Гүлнәр
“Абылай хан резиденциясы” тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері

Ашық аспан астындағы дәріс

“Абылай хан резиденциясы” музей кешені қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің студенттері үшін ашық аспан астында дәріс өтті. “XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты”атты тақырыпта өрбіген дәрісте музейдің тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің жетекшісі Бауыржан Жүнісов студенттерге ханның өмірі жайлы әңгімеледі. Лектор қазақты бір тудың астына біріктіруді ойлаған тарихи тұлғаның ерлігіне тоқталды. Жастар да аса ірі қайраткердің өмірі жайлы сөз қозғап,өз ойларын ортаға салды. Жерімізді жаудан қорғаған батырлардың соғыс құралдары көрмеге қойылды. Айбалта,садақ,қолшоқпар мен найзаға қызығушылық танытқан студенттер XVIII ғасырға тән жәдігерлерді тамашалады.

Жұмабекова Гүлнәр
“Абылай хан резиденциясы” тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері

Ынталандырудың басты құралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият оқып шықтым. Осынау маңызды құжаттан әркім алдымен өзіне керекті жағын іздейді ғой. Мен де одан өзім және әріптестерім үшін өте қажетті мәселелерге жауап іздеген едім. Сол жауапты көріп, қатты қуанып қалдым.

Барлық жұмысқа тиянақтылық, ынта мен ыждаһаттылық тек еңбекке лайықты деңгейде ақы төленгенде ғана болатыны белгілі. Бәріміз де күн көрісіміздің жалғыз көзі – еңбекақымыздың жоғарылау болғанын қалаймыз. Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан біздің де арманымыз сол. Еңбекақымыз лайықты болса тұрмыстық деңгейіміз де арта түседі деп үміттенеміз.